Мемлекет басшысы Халықаралық күрес федерациясының президенті Ненад Лаловичті қабылдады

146

Кездесуде Қазақстанның әлемдік спорт қоғамдастығындағы беделін нығайту және басымдыққа ие спорт түрі ретінде күресті одан әрі ілгерілету перспективасы талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Мемлекет басшысы Халықаралық күрес федерациясының президенті Ненад Лаловичті қабылдады Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев күрестің халықаралық спорт аренасындағы еліміздің беделін нығайтуда айтарлықтай рөлге ие екенін айтты.

Сонымен қатар, әлемдік турнирлерде табысты өнер көрсетіп жүрген отандық балуандардың жетістіктерін жоғары бағалады.              

Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық күрес федерациясымен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, инфрақұрылымды жетілдіру, даярлықтың озық әдістерін енгізу және елімізде халықаралық турнирлерді өткізу осы спорт түрінің танымалдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін еселеуге ықпал етеді.

Ненад Лалович қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Ол Қазақстанды федерацияның маңызды серіктесі деп атап өтіп, біздің ұлттық күрес мектебінің зор табыстарына тоқталды.

Ненад Лаловичтің айтуынша, қазақстандықтардың дені сау ұлт қалыптастыруға ұмтылысы спорт пен басқа да салаларда жоғары нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы күресті дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық күрес федерациясының президентін II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу