Мемлекет басшысы Корея Президентінің арнайы өкілін қабылдады: жаңа келісімдерге жол ашылды

177

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі, Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдады.  

Мемлекет басшысы Корея Президентінің арнайы өкілін қабылдады: жаңа келісімдерге жол ашылды Фото: akorda.kz

Кездесу барысында Президент Корея Республикасын Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы ықпалдастықтың жоғары қарқынына оң баға берді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сонымен қатар Қазақстанның корей халқына және елдің даму деңгейіне құрметпен қарайтынын жеткізіп, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кан Хун Шиктің сапарының маңыздылығына тоқталып, Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ыстық лебізін жолдады.

– Сіздің сапарыңыз қазақ-корей ықпалдастығын одан әрі нығайту тұрғысынан өте маңызды. Бірлескен күш-жігердің арқасында елдеріміздің ынтымақтастығы арта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Кан Хун Шик Қазақстандағы референдумның табысты өткеніне орай Корея Президентінің құттықтауын жеткізді. Ол Сеул үшін Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Кездесу барысында энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды. Тараптар жаһандық нарықтағы қазіргі сын-қатерлер аясында өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделі екенін білдірді.

Сондай-ақ Кан Хун Шик Қазақстан Президентін Корея Республикасына ресми сапармен келуге және биыл қыркүйекте Сеулде өтетін "Корея – Орталық Азия" саммитіне қатысуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шақыруды қабыл алып, алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу