Тоқаев: Мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді

Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен барған Президент ең әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Одан кейін өңір жұртшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тоқаев: Мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді

Мемлекет басшысы аймақтағы бірқатар мәселелерге тоқталды.

"Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау – маңызды міндеттің бірі", – деп келе, халқы тығыз қоныстанған аудандар туралы сөз қозғады.

"Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын", – деді.

Ал оған қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінетінін айтты.

Сондай-ақ жастарды қолдау туралы қозғады.

"Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін.

Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу