Мемлекет басшысы пен Шахбаз Шариф сауда мен транзитті кеңейту жөнінде уағдаласты

100

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен өткен келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы пен Шахбаз Шариф сауда мен транзитті кеңейту жөнінде уағдаласты Фото: akorda.kz

Президенттің айтуынша, кездесулер барысында ынтымақтастықтың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сауда-экономика саласындағы өзара алыс-беріс қарқынды өсіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025–2027 жылдарға арналған "Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасының" тиімді іске асырылып жатқанын айтып, тауар айналымын ұлғайту үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін жеткізді. Алдағы жылдары екі ел арасындағы сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізу жөнінде өршіл мақсат қойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Келіссөздер барысында Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқаны, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатыны айтылды. Осы тұрғыда Карачи мен Гвадар порттарының әлеуеті талқыланды. Басым бағыттардың бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілету мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол жобасын іске асыру перспективасы да талқыланғанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу