Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылым саласындағы мемлекеттік аудит қорытындыларын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Төртінші. Жобаларды іріктеу жүйесіндегі кемшіліктер қаражаттың уақытылы және объективті бөлінуін қамтамасыз етпейді. Ғылым субъектілерін аккредиттеу бірыңғай жүйесіз іске асырылған. 212 заңды тұлғаға аккредиттеу, олардың зерттеулерді жүргізуге технологиялық қабілеттігін айқындамай берілген. 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Бұл зерттеулердің басталуы мен бүкіл іске асыру циклына кері әсер етті. Сараптама жүргізу де уақытылы іске асырылмай, артық жүктемемен жүргізілген. Материалдар ұлттық ғылыми кеңестерге 93 жұмыс күніне дейін кешіктіріліп берілген", – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Оның сөзінше, экономикалық сараптау бюджеттік фильтр құралына айналмаған.
"Ұлттық ғылыми кеңестер 545 жоба бойынша қаржыландыруды 12 млрд теңгеге азайту жөніндегі ұсыныстарды ескермеген. Мүдделер қақтығысының тәуекелі де сақталып отыр. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і 52 млрд теңгені құрайтын 127 жобаның зерттеу топтарына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшілері болған.
Бесінші. Жобалардың қаржыландыруы әрдайым нәтижеге қол жеткізуге бағытталмаған. Бағдарламалық нысаналық қаржыландыру шеңберінде 79 жобаға іске асыру шығыстары егжей-тегжейлі нақтыланбастан, 62 млрд теңге бөлінді. Яғни, мемлекет ірі ғылыми жобаларды шығындар құрылымын толық анықтамай қаржыландырды. Орындаушыға ықпал етудің қаржылық тетігі мүлдем жоқ деуге болады", – деді Әлихан Смайылов.
Жобаны қорытынды бағалаудан кейін қалған қаржыландырудың үлесі соңғы жыл қаржысының он процентін немесе жалпы құнының 2,4 процентін ғана құрайды, деді ол.
"Яғни, есеп қабылданбаған жағдайда да қаржының басым бөлігі жобаны орындаушыларда қалады. 16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген. Сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, оларды реттеуге қатысты міндетті шешімдерді қабылдауға алып келмеді. 2025 жылы екі мыңнан астам ғылыми және ғылыми коммерцияландыру жобалары мониторингпен қамтылып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер ақпаратты назарға алумен шектелді", – деді ЖАП төрағасы.
Айта кету керек, бұған дейін аудит нәтижелері ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсеткенін жазғанбыз.