Мемлекет қаржысын жымқыру дерегін азайту үшін не істеу керек

1346

Агенттік төрағасы кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге шақырды.

Мемлекет қаржысын жымқыру дерегін азайту үшін не істеу керек

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мемлекет қаржысын жымқыру дерегін азайту үшін қандай жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру барысында мемлекет қаржысын жымқыру дерегі неге тіркелетініне қатысты пікір білдірді.

"Басында (басшылар – автор) мемлекеттен бөлінген ақшаға үй салып, қаражатты игереміз деп ойлаған шығар. Алдымен шенеуніктер қол қояды, салдарынан қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Соңғы 5 жылда 464 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Олар жоғары білімді, шетелде білім алған. Оларды өз ісінің кәсіби мамандары деп айтуға болады. Алайда бүгінде олар қылмыскер болып отыр", - деді агенттік төрағасы V республикалық кәсіпкерлер форумында.

Марат Ахметжанов  бұл жағдай мемлекетке де тиімсіз екенін атап өтті.

"Біріншіден, біз білікті кадрлардан айырылып жатырмыз. Екіншіден, осындай қылмыс жасалған кезде ешкім бастама көтеріп, жауапкершілікті өзіне алғысы келмейді. Біз еңбектеніп, бірдеңе өзгертісі келетін мемлекеттік қызметкерлерден айырылып жатырмыз", - деді басшы.

Ол мемлекет қаржысын жымқыру дерегін азайту үшін не істеу керегін айтты.

"Біз мемлекеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу порталдарын біріктіруді ұсынамыз. Өтінімдерді қабылдау (мемлекеттік жобаға қатысу бойынша – автор) ашық жүргізілуі керек. Біртекті тауарларды сатып алу кезінде олардың бірыңғай ерекшелінгін ескеріп, бағаны белгілеу қажет. Ірі және ұзақ салынатын объектілерді тұрғызу кезінде ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша жобалық қаржыландыруға көшу керек деп санаймыз, сондай-ақ әр бюджеттік кезеңнің соңында қаражатты игеруден бас тарту керек. Бюджет қаражатын бөлініп, толық игергенге дейін сүйемелдеуді енгізген жөн. Басты шарт – бизнестің әділ ойын ережесін қабылдауы. Бюджеттен бөлінген ақшамен жұмыс істегіңіз келсе, ашық болыңыз", - деп түйіндеді сөзін Марат Ахметжанов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу