Мемлекет қаржысына отырғызылған көшеттердің жартысынан көбі өспей қалған

417

Шымкент билігі қала аумағына 111 мың көшет отырғызу үшін бюджеттен 70 млн теңге бөлген.

Мемлекет қаржысына отырғызылған көшеттердің жартысынан көбі өспей қалған Фото: gov.kz

Шымкентте мемлекеттің ммллиондарына отырғызылған ағаш көшеттері өспей қалған. Бұл туралы қалалық антикордың еріктілері мәлімдеп отыр. 

Шымсити мөлтек ауданының аумағына егілген 5500 көшетті біртіндеп санап шыққан еріктілер 3759 жасыл желектің қурағанын анықтаған. Сонымен қатар, олар аталған аумақта ағаштың белгіленген мөлшерден аз екенін айтып отыр. 

Айтып өтейік, былтыр Шымкент билігі қала аумағына 111 мың көшет отырғызу үшін бюджеттен 70 млн теңге бөлген. 

Қала билігінің көгалдандыруға жұмсаған қаржысына қарап Шымсити мөлтек ауданындағы бұл жерді алтын аймақ деп атауға болады. Өйткені, бұл жердегі әр көшет үшін әкімдік қыруар қаржы бөлген. Бірақ, өткен жылы отырғызылған 5 мыңнан астам көшеттің жартысы да өнбеген.

Жалпы жаңа мөлтек аудан аумағындағы көшеттерді санауға еріктілердің 1 аптадай уақыты кеткен. Бір жетіде жетпіс пайыздай көшеттің өнбегені белгілі болып, бірнеше фактының беті ашылған. 

"Біздің санауымыз бойынша 4672 көшет анықталды. Аз деп ойлаймыз біріншіден. Екіншіден 4672 көшеттің 3200-і қурап қалған. Және бір қызығы бұл ұтып алған компаниялармен мемлекеттік сатып алу тікелей ешқандай конкурс өткізбестен бір көзден жасалынған", – дейді Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің волонтерлық жобасының мүшесі Айжан Кесебаева.

Мемлекеттік сатып алу мәселесін енді антикор өкілдері майшаммен қарамақ. Ал, өнбей қалған жасыл желек, көшетті жеткізген компаниялардың есебінен қайта отырғызылатынын тиісті басқарма өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша мемлекет қаржысына егілген көшеттердің өспеуіне кезінде дұрыс отырғызылмағаны себеп болған. Өйткені, оның барлығы сенбілік арқылы егілген.

"Бізде көп мемлекеттік қызметшілер әсіресе жастар ағаш егу тәртібін білмейді. Акция бір ай бойы жүргізілді. Тәртіп сақталмаған. Яғни ағаштың түбі жақсы тапталмаған оның тамырына ауа кеткеннен, сондықтан ол шықпай қалған", – дейді Жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Сейітжанов. 

Еккен көшеттерінің көбі өспей қалғаннан ба, биыл тиісті басқарма көшет егуге бір тиын да бөлмепті. Бірақ қаланы көгалдандыру жұмысы тоқтамайды деп отыр. Ол үшін басқармаға қарасты тұқымбақтан 200 мыңдай көшет алып қала көшелеріне сенбілік арқылы отырғызу жоспарланған. Қаласа арзан жолы да табылады екен.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу