Мемлекет пен діннің жауапкершілік аймағын нақты ажыратып аламыз – заңгер

207

Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті мәртебеге ие болмауы тиіс.

Мемлекет пен діннің жауапкершілік аймағын нақты ажыратып аламыз – заңгер Фото: Конституциялық сот

Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимыл шекарасы айқындалуы қажет. Бұл туралы Конституциялық комиссия мүшесі, "Қазақстан заңгерлер одағының" төрағасы Серік Ақылбай айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.

Заңгер мемлекеттің барлық дінге қатысты бейтараптығы тікелей көрсетілуі қажет деген пікірде. Оның айтуынша, ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті мәртебеге ие болмауы тиіс. Бұл – зайырлы мемлекеттің негізгі қағидасы, дейді ол.

"Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимыл шекарасы айқындалуы қажет: діни ұйымдар мемлекеттік билік функцияларын атқармауы тиіс, ал мемлекет азаматтардың ар-ождан және сенім бостандығына негізсіз араласпауы керек. Мұндай нормалар дін бостандығын шектемейді. Керісінше, барлық азаматтардың құқығын тең қорғап, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың құқықтық кепілі болады", – деді Серік Ақылбай.

Серік Ақылбай өзгеріс мемлекет пен дін арасындағы қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруі мүмкін деп есептейді. Оның сөзінше, мұндай қадам саяси жүйе үшін тұрақтылықтың кепілі екені сөзсіз. 

"Мемлекеттік институттар шешім қабылдағанда ешқандай діни конъюнктураға жалтақтамай, тек ұлттық мүдде мен заң үстемдігіне сүйенетін болады. Саясаттың діни идеологиядан тәуелсіз болуы – кез келген заманауи мемлекеттің, әсіресе біз секілді көпконфессиялы қоғамның іргетасы. Осы арқылы билікке деген халық сенімі артып, басқару жүйесінің кәсібилігі нығаяды", – деді Конституциялық комиссия мүшесі.

Заңгердің пікірінше, ешбір конфессияға ерекше артықшылық берілмейтін жерде нағыз конфессияаралық сыйластық орнамақ. 

"Мемлекет пен діннің жауапкершілік аймағын нақты ажыратып аламыз. Меніңше, бұл – зайырлы, құқықтық мемлекеттің табиғи әрі өркениетті даму жолы. Мұндай қадам қоғамдағы радикализмнің алдын алып, әр азаматтың таңдау еркін қорғайтын болады", – деді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу