Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына ұзақ мерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндетін қойды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты" атты бағдарламалық сұхбатында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен басқа да өзекті мәселелерді айқындап берді. Президент біздің алдымызға қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұзақ мерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндетін қойды. Бұл барлық саланы, оның ішінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамытуға қатысты маңызды бағыттарды қамтиды. Мемлекет басшысы атап өткендей, фискалдық саясатты қайта құру бақылау жасауға емес, серіктестік орнатуға баса мән бере отырып, жүргізілуге тиіс", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің айтуынша, сол арқылы орын алған теңсіздіктерді теңдестіруіміз қажет.
"Сонымен қатар энергетика және коммуналдық сектордағы жұмыс тәсілін уақтылы және сапалы жүзеге асыру қажеттігіне баса назар аударылды. Әділетті тарифтер – оны жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам. Мемлекет өз кезегінде шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей қолдау көрсетеді. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты іске асыруға кірісуі керек", – деді Премьер-министр.