Мемлекет жалған ақпаратпен күреске белсене кірісті

Фейк ақпаратқа қарсылықты еліміз әлі де күшейте түсетіні айдан анық. 

Мемлекет жалған ақпаратпен күреске белсене кірісті Фото: freepik

Ақпараттық технологияның дамығаны сонша қауіп-қатердің қайдан келетінін ұғыну қиындап барады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналист Дәурен Сейітжанұлы жалған ақпарат тарататындардың күрт көбейгенін, негізі оларға қарсы жаза бар екенін ескертеді.

– Мемлекет жалған ақпаратпен күреске бел шеше, шындап кіріскен секілді. Ақпарат – бүгінгі заманның ең қуатты қаруы. Ол дұрыс бағытта қолданылса, қоғамды біріктіреді, бұрмаланса, бүлік тудырады. Қазіргі жылдам әрі толассыз ақпарат ағынында шындық пен өтіріктің шекарасын дер кезінде айыра білу әрбір азамат үшін өмірлік маңызды қабілетке айналып отыр. Өйткені, қоғамда кейде дабыл қағатын дүрбелең, сенімсіздік немесе үрей нақты жағдайдан емес, дәл осы жалған деректердің салдарынан туындайды.

Жалған ақпар тарату – қылмыс, заң бойынша шындыққа сәйкес келмейтін, қоғамды дүрліктіретін жалған мәлімет таратқандарға 980 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы жазасы қарастырылған, – дейді ол.

Оның сөзінше, жалпы жалған ақпарат жайлы қоғамда "бұл жай ғана пікір" деген үстірт ұғым қалыптасып үлгерген. Бірақ, кез келген мәлімдеме шындықпен шектескені дұрыс.

– Жалған дерек – жай ғана адасу емес, әдейі немесе аңғал түрде шындықты бұрмалау арқылы қоғамдық санаға шабуыл жасау. Сондықтан, мемлекеттің аталмыш қадамдары – жазалау, анықтау тетігі ғана емес, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің ара салмағын реттейтін құрал.

Бүгінде жалған ақпараттың табиғаты да өзгеріп барады. Ол тек әлеуметтік желілермен шектелмейді. Қазір фейк-контент мессенджер топтар, жабық чаттар мен анонимді Telegram-арналар арқылы да таралуда. Бұл – көлеңкелі кеңістіктегі көрінбейтін соғыс. Оның жолын кесу – бүгінгі мемлекеттің басты міндеттерінің бірі, – деп қоса кетті Дәурен Сейітжанұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу