Мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететіндер бар – Президент

391

Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі қайта қаралуы мүмкін. 

Мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететіндер бар – Президент Фото: Inbusiness.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік салаға айрықша тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін  түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны  барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам  мемлекеттен  әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік", - деді Президент.

Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек, деп жалғастырды ол.

"Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға  көмек берілуі қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін  табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты.

"Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу