Мемлекеттерді байланыстыратын жолдарды бірінші санатқа шығару керек – депутат ұсынысы

215

Бұл туралы Құрылтай депутаты Мейірхат Қасымбаев Көлік министрлігінде өткен көшпелі отырыста айтты.  

Мемлекеттерді байланыстыратын жолдарды бірінші санатқа шығару керек – депутат ұсынысы Фото: gov.kz

Отырыста жол құрылысы, көлік инфрақұрылымын дамыту және саланы цифрландыру мәселелері талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жолдарды жоспарлау мен жобалау елдің стратегиялық міндеттерімен және жүк тасымалы көлемін арттыру мақсатымен тікелей байланысты болуы керек.

Мейірхат Қасымбаев жол инфрақұрылымын дамыту бүгінгі қажеттілікпен ғана шектелмеуі керектігін атап өтті. Жоспарлау кезінде елдің алдағы экономикалық міндеттері мен жүк ағындарының өсуі ескерілуі тиіс.

"Жоспарлау мен жобалау Президенттің қойған міндеттерінен бастау алуы керек. Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізу міндетін қойды. Демек, осы көлемді қамтамасыз ететін жол инфрақұрылымын бүгіннен бастап жоспарлауымыз қажет", – деді депутат.

Ол сондай-ақ шағын елді мекендердің көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Қазақстанда 20-30 отбасы тұратын ауылдар бар екенін айтып, мұндай елді мекендерге жол қатынасын қамтамасыз ету мәселесі де назарда болуы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар депутат Қазақстанды басқа мемлекеттермен байланыстыратын жолдарды дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

"Мемлекеттерді байланыстыратын жолдарды бірінші санатқа шығаруымыз керек", – деді Қасымбаев.

Отырыста ұсынылған мәліметке сәйкес, 2025 жылы Қазақстан ішінде автомобиль көлігімен 353 млн тонна жүк тасымалданған. Халықаралық тасымал көлемі 14 млн тоннаны, транзиттік тасымал 6 млн тоннаны құрады. 2026 жылдың сегіз айында ел ішінде 233,6 млн тонна жүк тасымалданса, халықаралық тасымал 10,9 млн тоннаны, транзиттік тасымал 5 млн тоннаны құраған.

Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді пысықтау үшін жұмыс тобын құру және ұсыныстарды одан әрі қарау бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу