Сот процесінде мемлекеттік айыптаушылар алғашқы болып сөз алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Онда прокурор Мәдина Оразалина істі "Киелі ұғымдарға опасыздық", "Жақсылықтың жалған кейпі" деп атаған.
– Бүгінгі отырысқа дайындала отырып, істі "Жақсылықтың жалған кейпі" деп атау ойыма келді. Сөзімді қазақ халқына алғыс айтудан бастайын. Бізде шетте қалу деген ұғым жоқ, себебі кеудемізде соғып тұрған мейірімді жүрегіміз бар. Бүгінгі Қазақстан қоғамы дәл осы сенімге сүйеніп өмір сүріп келеді. Біз өзіне емес, өзгеге жәрдем сұраған адамға көбірек сенеміз. Садақа беріп, біреудің өмірін сол арқылы құтқарамыз деп сенеміз. Ал осы сенімге опасыздық жасау – ең ауыр соққы. Бүгін біз жай ғана алаяқтық туралы істі қарап отырған жоқпыз. Бүгін біздің алдымызда киелі ұғымдарға жасалған опасыздық тұр, – деді ол.
Прокурор Мәдина Оразалина "бұл іс өзгелерге сабақ болуы тиіс" деп есептейді.
– Егер біреу қазақ халқының кеңпейілділігі мен жанашырлығын пайдаланып, тағы да жақсылықтың жалған кейпіне еніп, пайда тапқысы келсе, оны қошемет емес, сот залы күтіп тұр. Бұл процесс сабақ болсын. Бұл – бәріне белгі болсын. Садақа – мансаптың құралы емес. Халықтың сенімі әмиян да, бренд те емес. Бұл – аманат. Ал аманатқа опасыздық жасаған адам мәңгілікке елдің есінде қалады. Біздің тарихта шын меценаттар болған. Олар камерасыз, үндемей көмектесетін, – деп қосты мемлекеттік айыптаушы.
Бұған дейін прокурорлар Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.