Мемлекеттік бюджеттің кірісінен шығысы көп

541

Былтыр 11 айда бұл қарыздарды өтеуге 1,8 трлн теңге жұмсалған.

Мемлекеттік бюджеттің кірісінен шығысы көп Фото: Inbusiness.kz

Былтыр 11 айда мемлекеттік бюджет түсімдері бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 20 пайыз өскен. Ал, шығындар 24 пайыз көбейіпті. Бұл Қаржы министрлігі ұсынған ресми дерек, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мамандар Үкімет көрпесіне қарай көсілмесе, Қазақстан дағдарысқа ұрынуы мүмкін екенін айтады. Ол үшін не істеу керек? Қазақстан экономикасына төнген қауіп бар ма?

Ұлттық экономика министрінің дәстүрге балап отырғаны бюджет тапшылығы. Былтыр біздегі дефицит 2,6  процент болды. Оның айтуынша, бұл қалыпты жағдай. Тіпті пайдалы деуге болады екен.

"Тапшылықтың маңызы қандай? Оны жабу үшін қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарады. Бұл қор нарығын дамытуға көмектеседі. Яғни, азаматтар белсенді түрде қаражатын салып, табыс табады деген сөз. Жалпы бюджет тапшылығы аса өткір мәселе емес деп ойлаймын. Себебі оның нақты көлемі емес, жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі маңызды. Бұл тұрғыдан ешқандай заңдылық бұзылған жоқ. Жағдай қалыпты", - дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министр айтып отырған облигацияларды өтеу мерзімі бір жылдан 15 жылға дейін болуы мүмкін. Былтыр 11 айда бұл қарыздарды өтеуге 1,8 трлн теңге жұмсалған. Бұл былтырғыдан 41 пайыз көп.

"Әртүрлі валютада шығарылады. Бірақ біз валюталық тәуекелдерді ескеріп негізінен ішкі нарыққа шығарамыз. Ішкі нарықта негізінен сатып алушылар ол екінші деңгейлі банктер сосын жинақтаушы қорлары. Әртүрлі бізде қорлар бар. солардың қаражаттары. Сосын ол бізге жалпы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге де, басқа да мемлекеттік міндеттерді орындауға толық мүмкіндік береді", -дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бюджет шығындарының басым бөлігі білім саласына кетіп отыр. Мұнда 5 трлн теңгеден астам қаражат кеткен. Бұл былтырғыдан 27 пайыз көп. Одан кейінгі орында  5 миллиардқа жуық жұмсалған әлеуметтік сала. Өсім 17 пайыз. Үштікті 2 миллиардтан астам ақшамен денсаулық сақтау саласы түйіндеп тұр. Мұндағы шығын да 10 пайыздан астам көбейген. Қаржы сарапшысы Айбар Олжай бұлай кете берсе мемлекет сазға отыруы мүмкін дейді.

"Үкімет өзінің жаңағы Ұлттық қордан ылғи трансферт ала беру, барлық шығындарды осы арқылы қаржыландыру, ішкі қарыздарды көбейту, осы принципін әлі жалғастырып келеді. Бұл біздегі бюджеттік кризистің алғышарттарын, белгілі бір алғышарттарына келе жатыр. Қазір Пәкістанда өзіңіз көрсеңіздер қарыздық бюджеттік кризис. Дефолт. Өйткені өзінің міндеттерін немен жабарын білмейді. Бюджеттің дефициті үлкен. Ол кезінде мемлекеттік шығыстарды белгілі бір дәрежеде қадағаламай, ұстамай, көбейтіп жібергеннің арқасы", - дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Бюджет шығынын азайту керегі Парламентте де жиі айталып жүр. Сенат төрағасы биыл бұл мәселеге шындап кірісеміз деп уәде берді.

"Бюджеттің дефициті неге өседі? Өйткені шығындар көп. Шығындар көбейген сайын кіріс болмаса оны қалай жабады? Қарыз алады? Солай ғой. Үйдегі жағдай сияқты ғой. Әр отбасында болатын жағдайлар. Сол жерде енді мына бюджеттің шығыс жағын азайту үлкен мәселе. Енді осы мәселені біз көтереміз", - деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ол үшін депутаттар былтырғы бюджеттің орындалуы туралы есебін күтпек. Сол кезде әр тиынның қайда жұмсалғанын зерттеп, қарыздарды қысқарту туралы ұсыныстар дайындаймыз деп отыр. Ал Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің өкілі Анас Баққожаев бар мәселе қолданыстағы заңдардың осалдығынан деген пікірде.

"Бюджет барысында бағаны белгілеген кезде біз білеміз, мемлекеттік органдар 2-3 жерден бағаны алады да, осы бағаның төңірегінде бюджетке салады шығындарды. Жақсы, салсын. Бірақ енді мемлекеттік сатып алу кезеңі келеді ғой. Енді осы ақшаны жұмсау керек. Сол кезде осы мемлекеттік сатып алу заңының олқылықтарынан сол ақша қалай келді, сол ақша солай кетеді", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев.

Соның кесірінен нарықтағыдан бірнеше есе қымбат бағадағы тендерлер жарияланып жатады,  дейді депутат. Ал қоғам белсенділері мемлекет шығындарын қадағалауды күшейту керек деген пікірде.

"Бұл бақылау жоқтығының себебі. Өйткені бізде жұмысты атқарған, жұмыс нәтижесін атқару жүйесі жоқ. Бізде игеру мәселесі бар. Акт алып келеді. Актқа қол қояды, болды. Акттің ішінде не бар, не көрсетілгені белгісіз. Осындай мәселелерді екі жолмен реттеуге болады. Бірінші ол қағидалар. Қағидаларды өзгертіп", - дейді  "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Ал екінші жолы техникалық талаптарды нақты көрсету. Сонда халық қазынасын талан-таражға салу қиындайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу