Мемлекеттік қолдау дәрі бағасын жасанды түрде өсірмейтіндерге ғана көрсетіледі – Олжас Бектенов

153

Биыл дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді. 

Мемлекеттік қолдау дәрі бағасын жасанды түрде өсірмейтіндерге ғана көрсетіледі – Олжас Бектенов Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов атқарушы билік отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдайтынын баса айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында  инвестициялар туралы келісімдер жасалуда. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігіне  мүдделі мемлекеттік органдармен бірге үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдердің жасалуын  қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.

Дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді бекітті.

"Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады. Сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделерін басшылыққа алуымыз керек. Дәрілер әділ бағамен сатып алынатын болады", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр үкіметті отандық фармацевтикалық өндірушілерді әрі қарай да қолдайтынын баса айтты. 

"Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі", – деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу