Мемлекеттік қызметкерлерге шетелдегі шоттарын жабуға жарты жыл беріледі

1018

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Бұл олардың ерекше өкілеттіктерімен байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді. 

Мемлекеттік қызметкерлерге шетелдегі шоттарын жабуға жарты жыл беріледі

Оның айтуынша Заң Қылмыстық кодексінің 361, 364, 365, 366, 369 және 370-баптарына сәйкес бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін санкцияларды айтарлықтай күшейтті.

"Пара берушілер мен парақорлық фактілеріндегі делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулер енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салым) ашуға және иеленуге тыйым салынды", - деді Олжас Бектенов. 

Енді лауазымға тағайындалу кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға жарты жыл беріледі. Ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай берілетін болады.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттарының болуына құқық беретін жағдайлар айқындалды. Олардың қатарына шетелде жұмыс істеу, оқу, тағылымдамадан өту, іссапарға бару, емделу немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болу жатады.

"Жоғарыда баяндалған барлық заңнамалық нормаларды қабылдау – жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал етеді", - деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу