Құрылтайдың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаеваның сөзінше, заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тану және оларды ынталандыру.
"Осы мақсатта екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу ұсынылады. Біріншісі – "Шәмші Қалдаяқов" медалі. Аталған медаль отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға тағайындалады", – деді ол.
Екіншісі – "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағы. Депутаттың айтуынша, бұл атақ бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге берілетін болады.