Мемлекеттік сайттар зағип жандарға қолайлы бола түседі

1047

Бүгінгі күні елде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар.

Мемлекеттік сайттар зағип жандарға қолайлы бола түседі

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиналысқа қатысушылар еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізуінде елеулі мәселелер бар екені айтты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаментінің директоры Үсен Ғалым:
"Елдегі онлайн ресурстарды барлық азаматтар бірдей пайдалана алуға тиіс. Бүгінгі күні елде 700 мыңға жуық ерекше қажеттікті талап ететін азамат бар. Олардың 85 мыңының көру қабілетінің шектелуі, ал 30 мың адамның есту қабілеті төмен. Қазіргі кейбір веб-сайттың нашар көретіндеге арналған нұсқасы болса, ол "мүгедектерге қолайлы етіп жасалған" деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Сайттардың сондай нұсқасы болса, мәселенің бәрі шешілді деген сөз емес. Сол тәрізді құлағы нашар еститін адам үшін бейне материалдың субтитрі болмаса, еш пайдасы жоқ", – деп мемлекеттік сайттардың техникалық тұрғыдан кемшін тұстарын айтып өтті.

Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілінің сөзінше, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор, емханалар, ауруханалардың сайттарының басым көпшілігін көзі мен құлағынан мүгедектігі бар жандар пайдалана алмайды.

"Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың сайттары  мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жеткілікті дәрежеде қолайлы емес. Қазіргі веб-сайттардың стандарттары ескірді. Интернет қоғамда өте маңызды рөл атқарады. Сол себепті азаматтардың барлық санаттары үшін бірдей мүмкіндік берілуі керек", –деді министрлік өкілі. 

Министр Аида Балаева көтерілген мәселені қолдау білдірді.

"Заман тыныш кезде бұл санаттағы азаматтарға қиын болатын, ал қазіргі індет жайлаған заманда мәселе одан да күрделі бола түсті. Сондықтан, бұл мәселе барлық мемлекеттік органдардың жіті назарында болып, жүйелі түрде жұмыс жүргізілуі тиіс. Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше көңіл бөлуі керек", –  деді Аида Балаева.

Нұржан Көшкін 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу