Мемлекеттік сатып алу барысында 41,4 млрд теңгені жымқырмақ болған

307

2023 жылы мемлекеттік сатып алу мониторингі барысында 41,4 млрд теңге сомасына  бағаны негізсіз көтеру фактісінің алды алынды.  

Мемлекеттік сатып алу барысында 41,4 млрд теңгені жымқырмақ болған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі нәтижелерін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Мемлекеттік қызметшілер көбінесе кеңсе тауарларын, жанар-жағармай материалдарын, компьютерлік техника мен азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде бюджет көлемін көбейткен.

Бағаны өз қалауынша көбіне әкім аппараттары, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары түрлендірген.

"Мысалы, 2023 жылдың наурыз айында Қостанай облысына қарасты аудандық Білім бөлімі 43 мың литр жазғы дизель отынын литрі 580 теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Ал ол кезде аталған отын литрінің құны 250 теңгеден төмен болған, яғни бағаны екі есе өсіріп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуы нәтижесінде 14,8 миллион теңге сомасында шығынның алды алынды.

Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 15 миллион теңгеге 3 мың дана бір реттік қорғаныш медициналық костюм жиынтығын сатып алмақ болған. Осындай көлемдегі тауардың нарықтағы орташа құны 6 миллион теңгені құрайды. 9 миллион теңге көлемінде үнемделген қаржы бюджетке қайтарылды", — деді Агенттік ресми өкілі брифинг барысында.

Сонымен қатар, былтыр маусым айында Абай облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйым басшысына 2 млн теңгеге жиһаз сатып алуды жоспарлаған. Бұл – нарықтық бағадан бір жарым есе қымбат. Сатып алу процесіне араласқаннан кейін жиһаздың бағасы 700 мың теңгеге төмендетіліп, 1,3 миллион теңгеге сатып алынды.

Ал 2023 жылдың қарашасында "Түркістан" ӘКК" АҚ өз веб-сайтын қайта құру қызметі бойынша 11 миллион теңгеге лот ойнатуды жоспарлаған. Мұндай қызметтер нарықта 5 миллион теңгеден аспайды. Демек, екі есе көп өсім байқалады. Антикор бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға жол бермеу жөнінде ұсыныс енгізді. Нәтижесінде, аталған қызмет 4 миллион теңгеге сатып алынып, 7 миллион теңге үнемделді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу