Мемлекеттік үлесті азайту "Самұрық-Қазынадан" басталады

299

"Самұрық-Қазына" қорына кіретін компанияларда мемлекеттің үлесі басым болғандықтан, мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру солардан басталады. 

Мемлекеттік үлесті азайту "Самұрық-Қазынадан" басталады Фото: Самұрық-Қазына

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық компанияларды IPO-ға шығару мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару мәселесін қайта қарау өте маңызды. Бұл істе негізгі мақсат – мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру. Корпоративтік басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізу қажет. Сол арқылы компаниялардың барынша ашық қызмет етуін қамтамасыз етуге болады. Үкімет алдағы екі жылда акцияларының едәуір бөлігі IPO-ға шығарылатын ірі нысандардың нақты тізімін жасауға тиіс", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент тағы бір маңызды мәселе —квазимемлекеттік секторда ауқымды реформа жасау қажеттігін атап өтті.

"Қай жерде мемлекеттің үлесі сақталуы керек, қай тұста бәсекені дамыту қажет деген мәселені біржола шешіп алған жөн. Әсіресе, "Самұрық-Қазына" қорына кіретін компанияларда мемлекеттің үлесі басым. Сондықтан, жұмысты солардан бастау керек. Қорды түбегейлі сауықтыру үшін жүйелі әрі тың шаралар қажет.

Негізгі мақсат – инвесторлармен бірлесе отырып, ірі жобаларды кеңінен жүзеге асыру арқылы Қордың экономикалық құнын арттыру. Үкіметке бір ай ішінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеуді тапсырамын. Құжатта үш бағытқа баса мән берілуі керек: нарықтағы бәсекені арттыру, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелері", — деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу