Мердігер компаниялардың үстінен шағым түсті

905

Елордада үйлерді газға қосу белсенді жүргізілуде. Алайда үй ішіне көгілдір отынды өткізу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын жеке компаниялар дұрыс жұмыс істемейтін жағдайлар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдік сайтына сілтеме жасап.

Мердігер компаниялардың үстінен шағым түсті

Қала тұрғындары өздерін қызықтыратын барлық мәселелер бойынша аудандық әкімдіктерге жүгіне алады, онда газдандыру және тиісті лицензиясы бар компаниялар туралы ақпарат алуға болады.

Бұған дейін астаналықтар үйге газ өткізу үшін ақша алып, өз жұмыстарын орындамаған мердігерлерге шағымданған болатын.

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Еркін Құрманның ақпараты бойынша, елорданы газдандыру аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге тиісті лицензиясы бар 70-тен астам жеке компания өз қызметін жүзеге асырады.

"Оның ішінде аудан аумағында белсенді қызметті 29 компания жүзеге асырады. Бүгінде 1 мыңға жуық үй толығымен газдандырылған. Алайда газдандыру бағдарламасын іске асыру барысында аудан тұрғындары осы салада өз қызметін дұрыс орындамайтын жеке компаниялармен кездесті. Яғни олармен шарттық міндеттемелер жасасу кезінде компаниялар ақшалай қаражаттың бір бөлігін немесе 100% төлем алады да сосын қажетті жұмысты тиісті деңгейде жүргізбестен кетіп қалады. Сосын жасырынды. Мұндай компаниялардың деректері бізге аудан тұрғындарынан келіп түседі. Сарыарқа ауданы әкімдігінің базасында штаб құрылды. Онда біз осы өтініштерге толық талдау жүргіземіз және тиісті шаралар қабылдау үшін құзыретті құқық қорғау органдарына деректерді ұсынамыз. Бұдан басқа, аталған компанияларды жоғарыда көрсетілген қызметтерді ұсынатын компаниялардың ашық тізбесінен алып тастау мақсатында қаланың Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық бастамасына хат жолдаймыз. Бұл жұмыс ауданның басқа тұрғындары жауапсыз мердігерлерге тап болмасы үшін және материалдық зиян келмесі үшін жүргізілуде", – деп түсіндірді Еркін Құрман.

Егер қала тұрғындары компанияны таңдауда қиналса немесе жалпы газдандыру саласында қосымша сұрақтар туындаса, аудан әкімдігіне жүгініп, қажетті кеңес алуға болады.

Айта кету керек, компаниялардың газ жүргізу бойынша міндеттерін орындамауының анықталған фактілері бойынша "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Қазіргі уақытта полицияға елорданың екі тұрғынынан арыз түсті. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Шауленова.

"Алаяқтардың қолына түспеу үшін монтаждау жұмыстарын жүргізетін ұйымды таңдауға мұқият қарап, техникалық лицензияны, барлық құжаттарды, шарттың әрбір тармағын мұқият оқып шығу қажет. Біз ашықпыз, әкімдікке келіп, кеңес алуға, бұл компанияның қандай екенін, онымен жұмыс істеу керек пе екенін білуге болады. Бізде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тиісті лицензиясы бар барлық компаниялардың тізімі бар. Лицензиясы болса да, монтаждау жұмыстарын сапасыз немесе уақытында жасамайтын компаниялар бар. Елорданы газдандыруды жүргізу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жеңілдіктер жасай отырып, жұмысты уақытында барабар бағамен орындайтын, өзін лайықты деп көрсеткен топ компаниялар анықталды. Біз мұндай тізімді жүргізіп, білеміз", – деді Алматы ауданының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұржан Кәкімбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу