Мердігер мектептің жөндеу жұмыстарын созбаққа салып жіберді

566

Павлодар облысындағы Сарышығанақ ауылы мектебінің күрделі жөндеуі әлі біткен жоқ. Келісім шарт бойынша мердігер өткен қараша айында жұмыстарды аяқтауы тиіс болған. 

Мердігер мектептің жөндеу жұмыстарын созбаққа салып жіберді

Акт және спорт залдарында құрылыс жалғасуда. Бұған дейін жасалған сыртқы сылақ жұмыстарының сапасы да сын көтермейді. Оқушылар болса дене шынықтыру сабағын кабинетте өткізуге мәжбүр.

400 млндай теңге жұмсалған Павлодар облысындағы Сарышығанақ мектебінің күрделі жөндеуі дер кезінде біткенде оқушылар үшін электронды қоңырау соғылуы тиіс еді. Амал жоқ, кезекші жез қоңырау сыңғырлатуға мәжбүр. 

Сарышығанақ ауылы мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары келісім шарт бойынша өткен жылдың қараша айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда, міне жұмыстар осы күнде 90 пайызға ғана орындалған. Әлі мұнда акт залы, спорт зал және асханадағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. 

Балалар қазір екінші және үшінші қабатта білім алады. Мектептің спорт залы әлі дайын болмағандықтан денешынықтыру сабағы кабинеттерде өткізіледі. Оқушылар шахмат ойнап, асық атып бой жазады. 

Мектеп директоры жөндеу жұмыстарының шамамен әлі 10 пайыздай қалғанын айтады. Мердігер компания болса қаңтар біткенше толық аяқтаймыз депті. Десе де қазіргі жағдайға қарап жөндеу үш-төрт күнде тәмамдалады дегенге сену қиын. Осы күнге дейін жасалған жұмыстардың да сапасына сын бар. Сыртқы сылақтары қазірдің өзінде құлап жатыр. 

Тапсырыс беруші тарап мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын қабылдап алу актісіне әлі қол қойылмағанын айтады. Тендерді ұтқан "ГрадСтройСервис" компаниясы Түркістан облысында тіркелгендіктен, сол жақтың экономикалық сотына арыз берді. 

Өткен жылы Павлодар облысында 46 мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 9 млрд 200 млн теңге жұмсалды. Түркістан облысының аталмыш мердігер компаниясы осы тендерлердің 14 жеңіп алған. Ертіс ауданындағы Абай мектебінің жөндеуін де мерзімінен кешіктірген. Компания өкілі кеше біздің арнаға сұқбат беруге келіскен. Алайда, бүгін байланысқа шықпай қойды.   

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу