Meta компаниясы Марктың қауіпсіздігі үшін қомақты қаржы жұмсады

Компания Цукербергтің жеке ұшағымен ұшуының өзіне 2,6 миллион доллар төленген.  

Meta компаниясы Марктың қауіпсіздігі үшін қомақты қаржы жұмсады Фото: 24 канал

Өз қаражатының 99 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға уәде еткен миллиардер 2012 жылдан бері бонус не акциялар алмай келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Meta Platforms компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры Марк Цукербергтің қауіпсіздігіне былтыр компания тарапынан 14 миллион доллар жұмсалғаны белгілі болып отыр. 

АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясының мәліметіне сенсек, оның жеке ұшағымен ұшуына 2,6 миллион доллар төленген. Жалпы, сыйақы төлемдері 2024 жылы 2,8 миллион долларға көбейіп, 27,2 миллион долларға жетіп жығылған. Сол себепті, ол компаниядағы кез келген басқа топ-менеджерден көп табыс тапқан. 

Еске салайық, 2012 жылдан бері қарай Цукербергтің жылдық жалақысы 1 доллар ғана. Әрі ол ешқандай бонус немесе акция алмайды. Сонымен қатар, Цукерберг пен келіншегі Присцилла Чан өз қаражатының 99 пайызын қайырымдылыққа беруге уәде еткен-ді. 

Meta 2024 жылдан бастап тұңғыш рет дивиденд төлей бастады. Төртінші тоқсан қорытындысында әр акция үшін 0,52 доллар берілді. Марк Цукерберг Meta компаниясының шамамен 13 пайыз акциясына ие. Сондай-ақ, жылына салықтарды қоса есептегенде 700 миллион долларға жуық дивиденд алады. 

2025 жылдың басынан бері Meta компаниясының нарықтық құны 14,3 пайызға азайып, 1,27 триллион долларға түсіп қалды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу