Микроқаржы ұйымдарының саны елдің қай аймағында көп?

483

Осы жылдың маусым айының соңына қарай Қазақстанда 243 микроқаржы ұйымы жұмыс істеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артық. 

Микроқаржы ұйымдарының саны елдің қай аймағында көп? Фото: 7kun.kz

Микроқаржы компанияларының активтері бір жылда 54,7%-ға, 997 млрд теңгеге дейін өсті. Берілген микрокредит көлемінің жылдық өсімі 58%-ды құрады, деп жазады inbusiness.kz ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Микроқаржы ұйымдарының саны екінші деңгейлі банктерге қарағанда 10 есе көп. Сондай-ақ олардың филиалдары республика аймақтарында ашылған.

Микроқаржы ұйымдарының ең көп саны Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында шоғырланған (116 компания). Ақмола облысы мен Астана қаласындағы саны 27-ге жетті. 

МҚҰ филиалар желісі неғұрлым үлкен аумақты қамтитындай етіп орналасқан. Аталмыш ұйымдар тек ірі қалаларға ғана емес, сонымен қатар шалғайдағы ауылдарға да басымдық береді. Бұл өңірлердің халқы мен кәсіпорындарының несие қаражатына деген қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдетеді. 

Елдегі ең ірі микроқаржы ұйымы – "KMF"-тің филиалдар желісі көп. Оның 14 филиалы және 116 қызмет көрсету нүктесі бар. Бөлімшелердің ең көп саны Шымкент филиалында орналасқан (15). Талдықорғандағы филиалда 13 қызмет көрсету орны, ал Алматы филиалында 12 кеңсе жұмыс істейді.

"KMF" ұйымының клиент саны 253 мыңнан асады. Оның ішінде 55%-ы әйелдер екенін атап өту керек. Компания 25 жыл ішінде 1,4 трлн теңгеге 2,9 млн микронесие берген.

Екінші орында 16 ресми дилерлік орталығы бар "Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан" микроқаржы ұйымы орналасқан. "Solva" микроқаржы ұйымында 116 сату нүктесі бар.

Республикадағы МҚҰ қызмет көрсетудің цифрлық технологияларын белсенді қолданады.

Клиенттерге онлайн қызмет көрсететін ірі микроқаржы ұйымдарының арасында "KMF", "MyCar Finance", "Solva", "Арнур Кредит" және т.б. бар.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу