Милана Давыдованың өлімінен соң бір топ шенеунік жұмыстан қуылды

Тағы бірқатары сөгіс алды.  

Милана Давыдованың өлімінен соң бір топ шенеунік жұмыстан қуылды Фото: Polisia.kz

Айналдырған бір аптаның ішінде Екібастұз қаласына қарасты екі ауылда балалардың өмірі қыршыннан қиылды. Бірі туған анасының қолынан қаза тапса, енді бірі ішерге асы болмай, аштықтан жан тәсілім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Осыдан тура бір апта бұрын 400-ден астам адам мен 100-ге жуық техника Бесқауға ауылының 7 жасар тұрғыны Милана Давыдованы іздеуге кіріскен еді. Сол тұста анасы қызының 16 қараша күні үйден шығып кетіп, содан ізім-ғайым жоғалғанын айтып, полицияға хабарлаған. Үш күн бойы күллі ел жұртшылығы қыздың аман-есен табылуын тіледі. Алайда оның денесі қоқыстар мен күлдің арасынан табылды. Кейін белгілі болғандай, анасы қызын өлтіріп, көршісімен бірге мәйітті жасырмақ болған. Қазір екеуі де қамауға алынды. 

Сол жаңалықтан ес жия алмай тұрған тұста осы қалаға қарасты Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінде 8 айлық қыздың қайтыс болғаны хабарланды. Алдын ала болжам бойынша, ол аштықтан көз жұмған. Нақты себебі тиісті зерттеулерден соң анықталады. 

Бұл оқиғалардан соң Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында арнайы жиын өткізіп, мәселені "май шаммен" қарады. Жалпы, кеншілер шаһарында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың жағдайы мәз болмай тұр. Ал оған салғырт қарау осындай қайғылы жағдайларға алып келді. Жыл басынан бері мұнда балаларға қатысты жасалған 66 заңғы қайшы әрекет анықталған. Мамандар мұны қорғаншылық органдары мамандарының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың аздығымен байланыстырады. Бірақ бұл да ешкімді ақтамайды. Сондықтан облыс әкімі өзінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айзада Құрмановаға, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге, облыстық білім беру және әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары Самал Айтқазина мен Альмира Дисюповаға сөгіс жариялады.  

Өз кезегінде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин өзіне қатысты қолданылған тәртіптік шарамен толық келісіп, қалалық әкімдікке қарасты бірнеше мекеменің басшысын жұмыстан шығарды. Атап айтқанда, Милана Давыдова тұрған Бесқауға ауылының әкімі, 8 айлық нәресте қайтыс болған Шідерті кентінің әкімі, Екібастұз қалалық әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметтерінен босатылды. 

Шідерті кентіндегі медициналық қызметкерлер, №3 емхананың бас дәрігері, Бесқауға ауылының учаскелік инспекторы, білім бөлімінің басшысы, қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары сөгіс алды. Сондай-ақ, қызметтік тергеу жүргізілген соң Екібастұз қалалық полиция бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылданатын болады. 
Бұдан бейкүнә сәбилердің қайтып келмейтіні анық. Десе де, балаларды қорғауға жауапты мамандар содан сабақ алып, осындай қиын жағдайдағы өзге балалардың жағдайын жақсартуға көңіл бөлуі тиіс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу