Бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты дайындауға қанша қаржы бөлінгенін жазған едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– 13,3 млрд теңге тек спортшыларды Олимпиадаға дайындауға ғана жұмсалған қаражат емес. Бұл қаржы еліміздің жиырма өңірінде қысқы спорт түрлерін дамытуға, балалардың жүйелі түрде шұғылданып, жоғары жетістіктерге жетуіне жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі уақытта "бір медальға осынша қаражат жұмсалды" деген пікірлер айтылып жүр. Менің ойымша, мұндай көзқарас толық ақпараттың болмауынан туындайды. Себебі бұл – тек нәтиже үшін емес, ең алдымен балалардың денсаулығына, болашақ ұрпаққа салынған инвестиция.
Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде бірнеше пайыз дарынды спортшылар іріктеліп шығып, Михаил Шайдоров сияқты Олимпиада шыңына дейін көтеріледі, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр сол себепті әркім өз сараптамасын жасап көрсе болатынын жеткізді. Яғни, бұл қаражат көп пе, әлде аз ба? Әлбетте, мұны спорт саласы дамыған мемлекеттермен салыстырып бағамдауға да негіз бар.
– Біздің жұмсаған қаражатымыз нақты әрі ашық. Қанша спортшыға қолдау көрсетілгені, жаттықтырушылардың жалақысы – барлығы қоғам талап еткендей сандар ашық көрсетілген, – деп нақтылай түсті ол.
Еске салайық, Миланда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан бір ғана медаль алды. Бір қызығы, еліміз осы алтын жүлденің арқасында көптеген елді артқа тастап, жоғары нәтиже көрсетті.