Министр С.Нұрбек Атырауда апаттық жағдайда тұрған студенттік жатақханаға барды

476

Қазіргі уақытта студенттер өңірдегі басқа да оқу орындарының жатақханасына орналастырылған.  

Министр С.Нұрбек Атырауда апаттық жағдайда тұрған студенттік жатақханаға барды Фото: gov.kz

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына жұмыс сапары барысында ғылым және білім саласындағы өзгерістер мен алдағы уақытта атқарылатын мақсат-жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысы облыс әкімі Серік Шәпкеновпен бірге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне қарасты апаттық деп танылған №2 жатақхананың жағдаймен танысты.

Сонымен қатар Саясат Нұрбек Атырау университеті жанынан құрылған ер балаларға арналған "Ұстаз" мектеп интернатының оқушыларымен жүздесіп, болашақ мұғалімдердің жай-күйін біліп, оқушыларға дәріс оқыды. Мектепте аудандардан жиналған 100-ге жуық 10-11 сынып оқушылары тегін білім алуда.

Бұдан өзге өңірдегі екі жоғары оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Айта кетейік, ынтымақтастық аясында Губкин университеті Сафи Өтебаев университетінің кітапханасына 1300 астам кітап сыйлады.

"Қазіргі таңда ғылым және жоғары білім саласын дамытуға орай жеті жылдық тұжырымдама дайындалуда. Соның аясында жоғары білім саласына 7,5 млрд доллар бөлінетін болады. Бұл қаражат жаңа оқу ғимараты мен жатақханалардың бой көтеруіне, лабораториялық орындардың ашылуына және инфрақұрылымның дамуына негіз болады. Сондай-ақ басымдық өңірлердегі жоғары оқу орындарына беріледі", - деді министр. 

Республикалық "Сенің сәтің" форумы аясында Саясат Нұрбек ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы студенттік кеңестің отырысына қатысты.

Әр өңірдің студенттері жиналған шарада министр ғылым, білім жолындағы маңызды ақпараттармен бөлісіп, белсенді студенттердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу