Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ветеринария саласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Мемлекет басшысы елімізде мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбағанын, соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалғанын айтқан болатын.
"Президент өте дұрыс айтты. Мұндай мәселелер бар. Ол бір күнде шешілмейді. Мен осыдан бір жыл бұрын салада бақылауды күшейтетінімізді айтқанмын. Бұл жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бұл – әр жергілікті жердегі ветеринарлардың жұмысы. Біздің комитет инспекция ретінде бұларды бақылауда ұстайды. Шынында да, бұл мәселе Жамбыл облысында басталды, шу туғызған. Вакцина уақытында салынбаған мәселелер болды. Ветеринарлардың жетіспеушілігі де бар. Малдың саны бір жерде көп, бір жерде аз. Президент жаңадан кешенді бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Біз жұмыс тобын құрдық. Әрі қарай бұл жұмысты күшейтеміз", – деді министр.
Оның айтуынша, жергілікті жерде кемшіліктердің бары рас.
Тілшілер жалған құжат жасағандарды қандай жаза күтіп тұрғанын нақтылады.
"Іс қозғалғандар да бар. Сөгіс берілгендер де бар. Қылмыстық та істер бар", – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.