Басшылық қызметте отырған мемлекеттік қызметшілер жыл сайын есірткі тұтынуға қатысты тексеруден өтуге міндетті болады, деп жазады inbusiness.kz сайты "Курсив" порталына сілтеме жасап.
"Ал мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтін немесе басқа да санаттағы лауазым иелері басшысының шешімімен наркоскринингтен өтетіндер қатарына енгізілуі мүмкін. Наркоскринингтің басты ерекшелігі – тексерістің ойламаған жерден жүргізілуі. Яғни, алдын ала жоспарланып, мемлекеттік орган белгілі бір күнді бекітіп, қызметкер сол күнге дайындалып отырады деген болмайды", – деді Мүксімов.
Осылайша басшы шешім қабылдағаннан кейін мемлекеттік қызметкер 48 сағат ішінде тексеруден өтеді.
Мемлекеттік қызметкердің есірткі тұтынғаны анықталса, жұмыстан шығаруға дейін жетуі ықтимал. Сондай-ақ тексерістен өтуден бас тартқан тұлғаны мемлекеттік қызметтен шығару да қарастырылған.
Салауат Мүксімов "басшы" лауазымына министрлер, басқарма, бөлім басшылары, меңгерушілер және өзге де қызметкерлерге жетекшілік ететін мамандар кіретінін айтты.