Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автолизингтің несиеден айырмашылығы қандай деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өте маңызды мәселе. Интернетте жаңалық шықты. Кеше алғашқы шарт Алматыда жасалды", – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев журналистердің сауалына берген жауабында.
Бұдан басқа ForteLeasing АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Саят Үрпежанов та пікір білдірді.
"Кеше бірінші жоба пилоттық режимде өтті. Бұл жобаны біз Allur компаниясымен бірге серіктес ретінде жасадық. 10 пайыз бастапқы жарнамен 15 пайызбен үш жылға берілді. Бұл заңды тұлғаларға берілген. Біз халықаралық тәжірибені қарадық. Олар бойынша бізде жарнасыз да беріледі. Ставка мөлшері төмендеу. Ол әрі қарай жетілдірілетін болады. Бұл үшін біз пилоттық режимді қарастырдық. Қазірдің өзінде бірқатар ұсыныстар шығып отыр. Оның бәрі Үкіметпен, қауымдастықпен қарастырылатын болады", – деді Саят Үрпежанов.
Тілшілер автолизингтің несиеден айырмашылығы қандай деп сұрады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, екі механизм бір-бірінен өзгешеленеді.
"Автолизинг аренда сияқты. Ол несие емес. Шарттары басқа", – деді ведомство басшысы.
Ал ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың айтуынша, лизингтің несиеден айырмашылығы – мүлік лизинг алушыға өтпейді, лизинг берушіде қалады.
"Яғни, автокөліктің меншік иесі лизинг компаниясы болып қалады. Алынған лизинг сомасы толық өтелмегенше, меншік иесі лизингтік компанияда қалады. Бұл бір. Кез келген уақытта лизинг объектісін, яғни автокөлікті барып, лизингтік компанияда ауыстыруға мүмкіндігі бар. Екінші артықшылығы лизинг берілгенде несие тарихының ықпалы аз болады. Лизингтен өткен адамның шарты ертеңгі күні несие тарихында ескерілмейді", – деді Азамат Панбаев.
Айта кету керек, бұған дейін көлік алғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік туғанын жазғанбыз.