Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Әл-ауқатты бағалау калькуляторы" сервисінің қалай жұмыс істейтінін және оның нәтижесі жәрдемақы төлемдеріне әсер ете ме деген сұраққа түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, сервис жәрдемақы алушыларға арналған. Оның көмегімен азаматтар отбасының әлеуметтік жағдайын бағалап, есептеу кезінде қандай деректер ескерілетінін көре алады. Калькуляторды бірнеше рет пайдалануға болады. Сервис қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
Қосымшаға кірген кезде пайдаланушы туралы бірқатар ақпарат мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі. Олардың ішінде жасы, жынысы, атына тіркелген көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және кәсіпкерлік қызметке қатысуы туралы мәліметтер бар.
Ал отбасы мүшелерінің саны, олардың жұмыспен қамтылуы, мүгедектігі немесе созылмалы ауруларының болуы, несиелері мен мүлкі туралы ақпаратты азаматтың өзі енгізуі керек. Отбасының орташа айлық табысы сыйақылар мен үстемеақыларды қоса есептегенде, бір жалпы сома ретінде көрсетіледі.
Министрлік есептеу нәтижесінің дұрыстығы енгізілген мәліметтердің толықтығы мен нақтылығына байланысты екенін ескертеді. Сондықтан отбасы құрамы, табысы мен мүлкі туралы ақпаратты мұқият тексеру қажет. Егер отбасы мүшелерінің бірі көрсетілмесе немесе кейбір деректер енгізілмесе, нәтиже нақты жағдайдан өзгеше болуы мүмкін.
Сондай-ақ калькуляторда бұрын сатылған автокөлік немесе өзектілігін жоғалтқан мүлік туралы ақпарат кездессе, оны сервистің ішінде түзетуге болады. Бірақ мұндай өзгерістер тек алдын ала есептеу үшін қолданылады. Мемлекеттік дерекқордағы ресми мәліметтер өзгермейді. Оларды түзету үшін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile арқылы тиісті мемлекеттік органға жүгіну қажет.
Ведомство әлеуметтік желілерде таралған бейресми калькуляторларды пайдаланбауға шақырады. Себебі ондағы ақпарат шынайы болмауы мүмкін. Дұрыс нәтиже алу үшін тек eGov Mobile қосымшасындағы ресми сервисті қолдану ұсынылады.
Министрлік калькулятор нәтижесі жәрдемақының тағайындалуына немесе төлемнің тоқтатылуына әсер етпейтінін ерекше атап өтті. Сервис тек ақпараттық-анықтамалық мақсатта жұмыс істейді. Ондағы алдын ала есептеу жәрдемақы мөлшері өзгеретінін немесе азаматтың әлеуметтік қолдаудан айырылатынын білдірмейді.
Пайдаланушы есептеу нәтижесіне келісетінін немесе келіспейтінін білдіріп, сервис жұмысына бес балдық шкала бойынша баға бере алады. Сонымен қатар өз пікірін қалдыру мүмкіндігі бар. Бұл әрекеттердің ешқайсысы жәрдемақыны тағайындау, оның мөлшерін өзгерту немесе төлемді жалғастыру туралы шешімге ықпал етпейді.
Осылайша, әл-ауқатты бағалау калькуляторы отбасының әлеуметтік жағдайын алдын ала саралап, енгізілген деректерді тексеруге арналған. Ал жәрдемақы тағайындау мәселесі қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен шешіледі.