Министрлік Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы мәлімдеме жасады

100

Еліміздің басым бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды, ахуал тұрақты, мониторинг жүргізілуде.  

Министрлік Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы мәлімдеме жасады Фото: ТЖМ

Оңтүстік және батыс өңірлерде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, ТЖМ су тасқынына қарсы жедел штабы жұмыс істейді.

ТЖМ әскери бөлімінің әскери қызметшілері Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде су тасқынына қарсы жұмыстарды жалғастыруда.

Ақмола облысында Ерейментау, Егіндікөл және Біржан сал аудандарында автомобиль жолдарындағы 4 судың тасуы, Зеренді және Астрахан аудандарындағы  2 су шаю тіркелді, бақылауға алынды. Ескі Қалқұтан ауылымен қатынас қалпына келтірілді. Облыс аумағындағы жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Өңір аумағында негізінен таулы аймақтарда қар жамылғысы шамамен 35% деңгейінде сақталған. Алтай ауданында арық жүйелері тазартылып, Зубовка өзеніне апаратын каналдағы ағаш-бұта өсімдіктері жойылды, өзен арнасы нормативтік жағдайға келтірілді. Сонымен қатар Берёзовка өзенінің арнасы 700 метрге дейін тереңдетілді. Халықпен су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, іс-қимыл алгоритмі бар жадынамалар таратылды. Қазіргі уақытта 600 қап инертті материал дайындалып, қосымша 8 тоннаға жуық материал әзірленді. Су деңгейіне бақылау үш гидробекет арқылы жүзеге асырылуда.

Үлкен Нарын ауданында Сурка өзенінің арнасы ағаш-бұта өсімдіктерінен тазартылып, түбі тереңдетіліп, жағалау бекітілді. Катонқарағай ауданының Барлық ауылында Бұқтырма өзенінде 21 000 шаршы метр аумақта мұзды ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіліп, бұл мұз кептелістерінің пайда болуын болдырмауға және елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Глубокое ауданындағы Прапорщиково ауылында Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілген жағдайда "Отан" көшесін су басудан қорғау үшін қорғаныш үйіндісін нығайту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта үйіндінің биіктігі 1-ден 1,8 метрге дейін, ұзындығы 145 метр, ені 10-нан 15 метрге дейін. Жағдайды бақылау жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар бөлімшелері тарапынан, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы жүзеге асырылуда.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Облыс аумағында ТЖМ 28237 әскери бөлімінің топтамасы бар, олар Петропавл қаласында, Заречный кентінде және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жұмылдырылған. Осы бөлімше күштерімен Қызылжар ауданында және Петропавл қаласы маңында қорғаныш бөгендерін нығайту үшін 29 мың қап дайындалып, 10,8 мың қап төселді. Сонымен қатар Есіл өзенінің тасқын суының бөгендерді шайып кетуін болдырмау мақсатында 2,5 мың метр полиэтилен төсемі төселді. Су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу аясында өзендер, көлдер мен су қоймалары бассейндеріне әуеден шолу жүргізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу