Елде резидентураға қабылдау тәртібі жаңарды, деп жазады inbusiness.kz сайты Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Резидентураға қабылдау туралы шешімді енді адам емес, автоматтандырылған түрде рейтингтеу жүйесі қабылдайды. Бұл барлық түлектерге тең жағдай жасап, білім беру гранттарын бөлуді барынша ашық етеді.
Кандидаттарды бағалау кезінде 2 объективті көрсеткіш тең үлесте ескеріледі:
- GPA – оқудың барлық кезеңіндегі академиялық үлгерім;
- тәуелсіз қорытынды аттестаттау (ТҚА) нәтижесі.
Мұндай тәсіл бір ғана емтиханда көрсетілген білім деңгейін емес, болашақ дәрігердің бүкіл оқу кезеңіндегі даярлық сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ведомство GPA жекелеген жоғары оқу орындарының түлектеріне артықшылық береді деген пікірді жоққа шығарды.
2024 жылдан бастап резидентурада білім алуға жыл сайын 2500 мемлекеттік грант бөлінеді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен де қаржыландыру жүзеге асырылады, сондай-ақ ақылы негізде білім алу мүмкіндігі сақталған. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 3500 жас дәрігер мемлекет қаражаты есебінен резидентурада оқуын жалғастырады.
Резидентураға түсе алмаған түлектер не істей алады?
Олар медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына, аудандық және ауылдық ауруханаларға еркін жұмысқа орналаса алады. Бүгінде бұл мекемелерде жас мамандарға сұраныс ерекше жоғары.
Интернатураны аяқтағаннан кейін түлек дипломы бар дәрігер болып табылады және өз бетінше жұмыс істеуге құқылы екенін түсіну маңызды. Бұл – кәсіби мансапты толыққанды бастаудың және практикалық тәжірибе жинақтаудың мүмкіндігі.