Энергетика министрлігі "Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы" бұйрық жобасын Ашық НҚА порталына талқылауға шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған мұнай газының көтерме саудадағы шекті бағасын бұрынғы деңгейде қайта бекіту жоспарланып отыр.
"Бұл бұйрық жобасының мақсаты ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау және сұйытылған мұнай газының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету. Құжатты қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейді", – делінген хабарламада.
Жобаға сәйкес, сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын қайта белгілеу ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге және өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған.
Жария талқылау мерзімі 2025 жылдың 25 қарашасына дейін жалғасады.