"Миы шайқалған": Алматы облысында қатыгез әке ұлын аяусыз ұрған

328

Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

"Миы шайқалған": Алматы облысында қатыгез әке ұлын аяусыз ұрған Фото: freepik

Алматы облысында прокуратура, полиция және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған мобильді топтар 800-ден астам отбасына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық прокуратура мәліметінше, тексеру барысында сегіз қылмыстық іс қозғалып, 73 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 27 бала отбасынан алынды. Сотқа ата-ана құқығын шектеуге қатысты тоғыз талап-арыз түсті.

"Аудандардың бірінде өгей әкенің сегіз жасар баланы қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлегені анықталды. Бала бір жыл бойы қайыр сұрап, жиналған ақшаны өгей әкесіне ішімдік сатып алуға жұмсаған", - деп хабарлады прокуратура.

Сондай-ақ тағы бір жаға ұстатар жағдайдың беті ашылған. 

"Тағы бір баланы әкесінің соққыға жығу дерегі анықталды. Соққы салдарынан кәмелетке толмаған бала "бас миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы" диагнозымен жедел түрде ауруханаға жатқызылды. Әкеге қатысты қылмыстық іс қозғалды", - делінген прокуратура хабарламасында. 

Аталған жайтқа қатысты облыстық әкімдік өкілдері пікір білдіріп, оқиғаның Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектепте болғанын мәлімдеді. 

"3-сынып оқушысының бетіндегі жарақатты көрген сынып жетекшісі дереу тиісті органдарға хабарласып, жедел жәрдемге және төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдерін шақырған. Баланы әкесінің ұрып-соққаны анықталды. Баладп бас миының жарақатымен қоса, аяқ-қолында, бет-аузында көгерген, ісіген жаралар бары анықталды. Қазіргі таңда білім бөлімі ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатыр", - делінген әкімдік хабарламасында. 

Қазіргі таңда баланың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу