Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрдің сөзінше, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 10 банктен алынған деректер талданып, үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым қабылдап, жалпы сомасы 1 млн теңгеден асқан азаматтар анықталған.
115 мың адамның есепшотына жалпы көлемі 1 трлн теңге түскені анықталды. Оның ішінде шамамен 67 мың жеке тұлғаға 670 млрд теңге аударылған.
Сондай-ақ 7,8 мың шетелдік азаматтың мобильді аударымдары бақылауға алынып отыр.
"Біз бұл адамдарды жазалау үшін емес, түсініктеме алу үшін хабарлама жібердік. Олардың арасында такси қызметімен айналысатындар мен курьерлер өте көп. Көпшілігі жаңа талаптар мен бақылау тәртібі енгізілгенін білмегенін айтып отыр", – деді Мәди Такиев.
Министрдің айтуынша, жеке кәсіпкерлерге қатысты аударымдар көлемі шамамен 200 млрд теңгені құраған.
Елімізде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер мобильді аударымдар туралы мәліметтер салық органдарына жолданады. Бұл шара тіркелмей кәсіп жүргізіп, төлемдерді жеке карталар арқылы қабылдайтын көлеңкелі бизнесті анықтау үшін қажет.
Қолданыстағы заңға сәйкес, үш ай қатарынан әртүрлі адамдардан 100 және одан көп аударым алып, жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (1 млн 20 мың теңге) асқан азаматтар бақылауға алынады.