2026 жылғы 19 маусымнан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды сатушылар үшін жаңа міндеттер мен сатып алушыларға арналған қосымша кепілдіктер енгізетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Енді сатушылар құрылғыны сатпас бұрын оның сәйкестендіру кодтары базасында шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғын тексеруге міндетті.
Сондай-ақ сатып алушыға құрылғының верификация мәртебесін тексеру үшін сәйкестендіру кодын ұсынуы қажет. Бұл талаптар интернет-дүкендер мен электрондық сауда алаңдарына да қатысты.
Сонымен қатар, верификациядан өтпеген мобильді құрылғылар сапасы тиісті емес тауар болып есептеледі. Мұндай жағдайда сатып алушы сатушыдан құрылғыны ауыстыруды, ақшасын қайтаруды, бағаны төмендетуді, ақауларды тегін жоюды немесе жөндеуге кеткен шығындарды өтеуді талап ете алады.