Монополист тұтынушылардан 1 млрд теңге болатын коммуналдық ақыны негізгіз алған

1222

Енді жылумен қамтушы компания тарифті 13%-ке дейін төмендетуі тиіс.  

Монополист тұтынушылардан 1 млрд теңге болатын коммуналдық ақыны негізгіз алған

Павлодар қаласының тұрғындары алдағы жылу маусымында жылу үшін былтырғыдан аз төлеуі керек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевтің сөзінше, "ПавлодарЭнерго" АҚ-ның тарифтік құжаттар мен инвестициялық бағдарламаның іске асуы жөніндегі есептерін саралай келе, монополист компанияның жалпы сомасы 1 млрд теңге болатын кірісті негізсіз тапқаны анықталды. Сондықтан департамент кәсіпорын басшылығына осы сома көлемінде тарифті төмендету туралы ресми хат жолдады.

"Нәтижесінде тұтынушылар жылу үшін төлейтін тариф 13%-ке төмендеді. Соның есебінен алдағы жылу маусымында тұрғындарға келетін түбіртектегі коммуналдық ақы былтырғыдан орта есеппен алғанда 8%-ке аз болуы керек. Мұндай өзгеріс пәтерлерге берілетін жылу көлемінің азаюына әсер етпейді. Инвестициялық бағдарламада көрсетілген шаралар кестеге сай жүргізіліп, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталады", - дейді Ибрагим Тангиев.

Есесіне монополист компания табыс табудың өзге жолын қарастырғанға ұқсайды. Кейбір тұрғындар "ПавлодарЭнерго" АҚ-нан келген түбіртекте жылу үшін төленуі тиіс сома көрсетілгенін әлеуметтік желілер арқылы жариялап, шағымын білдірді.

"Шілде айында пәтерлерге жылу берілетін бе еді? Монополисттің жаздың аптап ыстығында "сендерге жылу бердік" деген желеумен ақы талап етуі қай сасқаны? Бұған дейін бір тиын да қарызым болған емес. Бірақ шілде айында жылу тұтынғаным үшін 449 теңге төлеуім тиіс екен. Бұл – халықтың алдау әрі қанау", - деп ашынады Максим есімді тұрғын.  

Әлеуметтік желілердегі жазбаларға қарасақ, жылу ақысы облыс орталығының басқа да тұтынушыларына келген көрінеді. "ПавлодарЭнерго" АҚ мұны автоматты жүйеде кеткен қателіктің салдары екенін алға тартып, қайта есептеулер жүргізілетінін хабарлады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу