Монополист тұтынушыларға 160 млн теңге қайтаруға міндеттелді

Соның негізінде коммуналдық қызмет ақысы арзандауы тиіс.

Монополист тұтынушыларға 160 млн теңге қайтаруға міндеттелді Фото: obozrenie.kz

Павлодар қаласының тұрғындарын сумен қамтып, кәріз жүйесі бойынша қызмет көрсететін "Павлодар-Водоканал" ЖШС бұған дейін тұтынушылардан негізсіз түрде табыс тауып келген. Бұл жергілікті табиғи монополияларды реттеу департаментінің талдау жұмыстары нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Тарифтік сметалар талдамасы нәтижесінде монополист компанияның 160 млн теңге көлемінде пайда тапқаны анықталды. Аталмыш фактіге қатысты іс сотта қаралып, "Павлодар-Водоканал" кәсіпорны тұтынушыларға 160 млн теңге қайтаруға міндеттелді.

"Сот департаменттің тарапын қолдап, монополист жеңілді. Бірақ бұл – тек бірінші инстанция. Кәсіпорынның сот шешімін қайта қарауға қатысты шағым түсіретін мүмкіндігі бар", - деді табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев.

Соның негізінде биыл сумен қамту және су бұру жұмыстарының ақысы едәуір арзандауы тиіс. Мәселен, ауызсу тарифі 4,5%-ға арзандауы керек. Атап айтқанда, тұрғындар бір текше метрі үшін 43,55 теңге, басқа тұтынушылар 155,03 теңге және бюджеттік ұйымдар 376,12 теңге төлеуі қажет.

Сол сияқты кәріз жүйесінің қызметі 3,15%-ға арзандайды. Соған сәйкес, тұрғындар үшін 25,31 теңге, басқа тұтынушыларға 204,61 теңге және бюджеттік ұйымдарға 272,63 теңге болуы тиіс. Бұл тариф жылдың соңына дейін сақталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу