Моншада орналасқан жекеменшік мектептердің жұмысы тоқтатылады

180

Кейбір жеке мектептердегі мұғалімдердің біліктілік санаты талаптарға сәйкес келмейді.    

Моншада орналасқан жекеменшік мектептердің жұмысы тоқтатылады Фото: gov.kz

Заң талаптарын орындамаған жекеменшік мектептер жұмысын тоқтатады. Бүгінде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылмаған жекеменшік мектептер анықталды.

Олқылықтар жайында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "24KZ" арнасындағы "Түйін" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Ішінде жақсы мектептеріміз бар. Халықаралық стандартпен жұмыс жасайтын, балаларға, ұстаздарға жағдай жасалған. Мен бірінші күннен бастап айтып келе жатырмын, осындай мектептер қалады, жұмысын жалғастырады. Бірақ, қоймада, моншада, тіпті кейде айтуға ауыз бармайтын ғимараттарда мектеп ашқан және соны он жылдан астам уақыт заңдастырмаған мектептер бар. Мектеп деген ғимаратын заңдастыруға ешқандай құлық танытпаған. Әрине ол мектептер жұмысын тоқтататын болады. Бүкіл жекеменшік мектептер өзінің проблемасын қазір көріп отыр", – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, 2021 жылы жекеменшік мектептердің қаржыландыру тетігі жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен республикалық бюджетке ауыстырылады. Сол кезден бастап республикалық бюджетке жүктеме де, жекеменшік мектептердің саны да көбейген. Бірақ үш ауысымды мектептер проблемасын мемлекет өзі шешіп жатыр.

"Жекеменшік мектептер министрлікке бағынбаған кездер болған, жергілікті әкімдіктерге бағынбаған кездер болған. Сондықтан, проблема бар. Жекеменшік мектептерді заңның аясында, талапқа сәйкес жұмыс жасауы бүгінгі күннің талабы. Жекеменшік мектептер мұғалімнің айлығын төлемейді деген мәселені естіп жатырмын. Оның барлығына мемлекет қаржы бөлген. Құзыретті органдар бұл мектептермен жұмыс жасайтын болады. Егер заң талаптарына сәйкес болмайтын болса, әрине ол мектептер өзінің жұмысын жалғастырмайды", – деп түйді Оқу-ағарту министрі.

Сонымен қатар, сұхбатта аттестаттаудан авторлық бағдарламалар алынып тасталатыны айтылды. Ұстаздарды аттестаттау ережесінің өзгерістері жаңа оқу жылынан бастап күшіне енеді.

Алдағы уақытта "Педагог мәртебесі туралы" заңның кейбір нормалары күшейтіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу