"Мұғалімдерді қорқытуға болмайды": Министр ата-аналардың жауапкершілігін сынға алды

1155

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Qogam News бағдарламасына берген сұхбатында білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.  

"Мұғалімдерді қорқытуға болмайды": Министр ата-аналардың жауапкершілігін сынға алды Фото: бейнежазбадан

Ол Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болған жағдайды мысалға ала отырып, қоғам мен ата-аналар тарапынан мұғалімдерге көрсетілетін қысым туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

“Білім беру жүйесі – нәзік жүйе. Кейде хайп қуғандар отқа май құйғанды жөн көреді. Бұл жағдайда ешкімді – мұғалімді де, оқушыны да – айыптаудың қажеті жоқ. Керісінше, бұл оқиғадан қоғам сабақ алуы керек. Баланы да, ұстазды да құрметтеу – бүкіл қоғамның жауапкершілігі”, – деді министр.

Министр мұндай жағдайларда тек мұғалім мен бала емес, ата-аналар да назарда болуы керек екенін баса айтты.

“Әрқашан мұғалім мен оқушы туралы ғана айтамыз, ал ата-аналар қайда қалды? Егер ата-ананың жауапкершілігі туралы ашық әңгіме қозғамасақ, бұл жағдай ешкімге сабақ болмайды. Қоғам ата-ананың рөлін де қайта қарауы керек”, – деді Бейсембаев.

Министр мектепке рұқсатсыз кіріп, мұғалімдерге қысым көрсететін ата-аналардың әрекетін сынға алды.

“Телефонмен келіп, мектепке баса-көктеп кіру – дұрыс емес. Мұғалімдерге буллинг жасап, видеоға түсіріп, қысым көрсету – бұл нағыз бұзақылық. Мұндай әрекеттерге заңдық баға берілуі тиіс. Педагогты қорқытып-үркітуге жол беруге болмайды”, – деді министр.

Бейсембаев бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін республикалық ата-аналар комитетін құру жоспарланып жатқанын да жеткізді.

“Назарбаев мектебіндегі оқиға – ата-аналар тарапынан білім беру ұйымдарына, мұғалімдерге сенімсіздік барын көрсетті. Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мысалы Финляндияда, қоғам білім жүйесіне араласпайды. Олар ең алдымен мұғалімге сенім артады. Бізде керісінше – әр ата-ана қалай оқыту керек екенін біледі, бірақ іс жүзінде тәрбиемен айналыспайды”, – деді ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде қоғамда барлық жауапкершілікті мектепке жүктеу тенденциясы қалыптасып келеді.

“Кез келген жағдайдан соң, қоғам бірден мектепке шүйлігеді. Балалар қатыгез десе, бірден жаңа пән енгізейік дейді. Бірақ бала үйде не көріп отыр? Өткен жылы ата-аналар жиналысында екі ана төбелесіп қалды. Осындайды көрген бала не үйренеді? Балалар – ересектердің айнасы. Сондықтан ең алдымен өзімізге қарап, әрекетімізді бағамдауымыз керек”, – деді Бейсембаев.

Сөз соңында министр Назарбаев мектебіндегі жағдайға қатысты пікір білдірген депутаттарға тоқталып өтті.

“Мұрат Әбенов пен Ирина Смирнова оқушыны қорғауға тырысты, олар өз ұстанымына сай әрекет етті. Бірақ бұл жағдайды нақты бір тараптың көзқарасымен емес, жалпы ахуал ретінде қарастыруымыз керек. Мұғалімді де қорғау – менің міндетім. Бұл жерде мұғалімнің де, баланың да құқығы ескерілуі тиіс”, – деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу