banner

Мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жәрдемақы тағайындалады

1133

Мәжілісте әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды.  Шара шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандардың, оның ішінде балалардың мәселесіне ерекше назар аударылды. 

Мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жәрдемақы тағайындалады

"Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау Конституциямен, "Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы" заңмен реттеледі. Іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар өз құқықтарын жүзеге асыру барысында бірқатар қиындықтарға тап болады", – деді мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева.

Оның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі балалардың баспана алу мәселесі өзекті болып тұр. Мүгедек бала 18 жасқа толғанға дейін мемлекеттен үй алмаса, 
отбасы кезекке қайта тұруға мәжбүр болады. Осылайша күту мерзімі созылып кетеді. 

"Мүгедек адамдардың жұмысқа орналасуы да қиын. "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4 %-ға дейінгі мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілейді. Қазіргі уақытта, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, квота 4% құрайды және 70 мың адам үшін белгіленген. Алайда квота аясында барлығы 15 мың мүмкіндігі шектеулі жан ғана жұмысқа орналастырылған", – деді Балайым Кесебаева. 

Мәжіліс төрағасы орынбасарының ұсынуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру қажет. 

"Оңалту, қоғамға кіріктіру, әлеуметтік қолдау шаралары бойынша көрсетілетін қызметтердің жетілдірілмеуіне байланысты да проблемалар бар. Бұдан басқа, 1-топтағы мүгедектік берілген ауыр науқастарды күтіп-бағуды жүзеге асыратын адамдар әлеуметтік қолдау шарасымен жеткілікті қамтылмаған. Бүгін қаралып отырған заң жобасында осы мәселелердің шешімдері ұсынылады, нәтижесінде мүгедек балалар үшін, мүгедек балалары бар отбасылар мен асыраушысынан айырылған отбасылар үшін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі", – деді Балайым Кесебаева.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу