2026 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында 485 тексеру жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның 212-сі жоспардан тыс, 167-сі профилактикалық бақылау аясында, ал 106-сы прокуратура органдарының талабы бойынша жүзеге асырылды.
Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде 303 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 38,9 млн теңгеден асатын 185 әкімшілік айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылаумен 56 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым, 23 денсаулық сақтау нысаны, 94 білім беру ұйымы, 238 әлеуметтік қорғау ұйымы, сондай-ақ мәдениет, спорт, көлік инфрақұрылымы, қоғамдық тамақтану және сауда салаларындағы бірқатар нысандар қамтылды.
Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің Алматы қалалық департаменті білім беру ұйымдарында жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолжетімділік мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қалалық ортаның қолжетімділігі мәселесі күн өткен сайын өзектене түсуде және бұл бағыттағы оң өзгерістер іс жүзінде де байқалып келеді. Мемлекеттік мекемелерге, сауда және қызмет көрсету нысандарына барған кезде арнайы жабдықталған кіреберістерді, пандустарды, лифтілер мен тактильді бағыттаушы жолақтарды жиі көруге болады. Ең бастысы, нысан иелері қолжетімді орта қалыптастыруды заң талабы ретінде ғана емес, сапалы қызмет көрсетудің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастады. Мұндай өзгерістер мүгедектігі бар азаматтардың өздерін анағұрлым дербес сезінуіне және қалалық инфрақұрылымды еркін пайдалануға мүмкіндік береді", – деді III топтағы мүгедектігі бар алматылық тұрғын Әлия Жұмағалиева.