Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларға үй жағдайында оңалту көмегін көрсетуге бағытталған жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба аясында куәландырудан немесе қайта куәландырудан өтіп жатқан балалардың заңды өкілдеріне SMS арқылы қатысу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі. Отбасы келісім берген жағдайда мамандар баланың жеке қажеттіліктері мен функционалдық мүмкіндіктерін бағалап, оған сәйкес инновациялық техникалық оңалту құралын таңдайды.
Мамандар ата-аналарға берілген құралды қауіпсіз пайдалану және оны үй жағдайында оңалту кезінде қолдану тәртібін де түсіндіреді.
Жобаның алғашқы қатысушысы Орал қаласының тұрғыны Құжырғали Ғибрат болды. Оған жеке қажеттілігіне сай оңалту құралы берілді.
"Жобаның Орал қаласында іске қосылғанына қуаныштымын. Мемлекет тарапынан баламызға қажетті оңалту құралын жеке қажеттілігіне қарай таңдап, үй жағдайында пайдалануға мүмкіндік берілгеніне ризамын. Мамандар бізге құралды дұрыс пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті оқыту жүргізді. Үй жағдайында тұрақты түрде қолдану баламыздың оңалуына оң әсер етеді деп сенеміз. Алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге үміттіміз. Осындай мүмкіндік жасаған мамандарға алғысымызды білдіреміз", – дейді Тұрсынгүл Бейбітқызы.
Мамандардың айтуынша, дұрыс таңдалған техникалық құралдар баланың қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға және күнделікті өмірге белсендірек қатысуына көмектеседі.
Жобаға қатысу үшін Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Зачаганск кенті, 3-шағын аудан, 21-құрылыс мекенжайында орналасқан "Ақжайық" мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығына жүгінуге болады.
Жоба бүгінде Павлодар, Абай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында іске асырылуда.