"Мұқағали Мақатаевты сорлы еркекке" теңеген блогерден ақынның ұлы 10 млн теңге өтемақы талап етті

Былтыр блогер Әлішер Теменов жеңіл хайп жасаймын деп ауыр айыпқа тап келген еді. 

"Мұқағали Мақатаевты сорлы еркекке" теңеген блогерден ақынның ұлы 10 млн теңге өтемақы талап етті Фото: бейнежазбадан

Ол мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын өзінше ауыр әрі бейәдеп сөзбен сынаған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған байланысты ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогерді сотқа берген. Сот ісі Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында, судья Бейнегүл Қайсина төрағалық ететін отырыста қаралуда. Іс Қылмыстық кодекстің 131-бабы, 2-бөлігі "Қорлау" бойынша жүргізіліп жатыр.

Ә.Теменов сотқа өзінің қоғамдық қорғаушысы Мейірман Шекеевпен бірге барған. Қазіргі уақытта жеке адвокат жалдамаған блогер сот залында бейнетүсірілім жүргізуге қарсылық танытты. Қоғамдық қорғаушы Шекеев болса, Теменовтің өз сөзі үшін халықтан кешірім сұрағанын жеткізді.

– Егер тереңірек қарасақ, бұл екі адам – бір атадан тараған туыстар. Теменов өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Мүмкін, ол сізден (Жұлдыз Мақатаевты айтады) кешірім сұрамаған болар, – деді ол.

Сот тараптарға мәселені бітіммен шешу мүмкіндігін талқылау үшін 10 минут уақыт берген. Десе де, Жұлдыз Мақатаев бұл жағдайды тек жария түрде кешірім сұрау мен 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу арқылы ғана шешуге болатынын ашық айтты.

– Шок жағдайында болдым. Біздің тегімізге дақ түсті. Моральдық зиян келтірді. Сол зиянды өтесін. Интернет арқылы кешірім сұрасын, – деген ол сот барысында.

Теменов Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген бейнежазбасын өткен жылдың қазан айында жариялады. Ол халықтың ашу-ызасын тудырды. Видеоны тез өшірсе де, кеңінен таралып кетті. Кейін Ә.Теменов әкесімен бірге ақын туған ауылға барып, жергілікті халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрады.

– Менен ешкім кешірім сұраған жоқ. Әкем Мұқағали бір кезде "Балам, мені халық жазғыра берсін, өйткені мен қарапайым адаммын. Бірақ шығармашылығымды қорлаған адамды кешірмеймін" деген еді, – деп ойын айтты Жұлдыз Мақатаев.

Сот процесі әлі де жалғасып жатыр. Ендігі отырыс келесі аптада өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу