Сот процесінде танымал әнші Мұқасан Шахзадаев айыпталушы ретінде емес, куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ал іс бойынша басты айыпталушы оның әкімшісі әрі көмекшісі Азамат Есіркенов болған.
Қылмыстық іс Ғалымжан Сүлейменнің өзіне күш қолданылғаны туралы арызынан кейін қозғалған-ды. Жәбірленуші жанжалға Мұқасан Шахзадаевтың да қатысы болғанын бірнеше рет айтқанымен, сот барысында Азамат Есіркенов Ғалымжан Сүлейменмен арада жанжал туындап, оған қол көтергенін мойындады. Сонымен бірге ол Мұқасан Шахзадаевтың оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлім еткен.
КТК телеарнасының мәліметінше, мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған. Десе де, сот Азамат Есіркеновті Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін айыппұл бір ай ішінде төленуі тиіс.
Жәбірленуші Ғалымжан Сүлеймен сот шешімімен келісер емес. Оның сөзінше, оқиға салдарынан мұрны сынып, басынан бірнеше жарақат алған, кейін хирургиялық ота жасатуға мәжбүр да болған. Әнші өзіне әкімші ғана емес, Мұқасан Шахзадаевтың қол көтергенін тағы қайталады.
– Мұқасан Шахзадаевтың сотта куәгер ретінде қатысатынын күтпедік. Сол сәттен бастап істің барысына қатысты күмән пайда болды. Менің алғашқы күннен бергі айтқан сөзім өзгерген жоқ. Мұны екі бірдей сот-медициналық сараптама мен куәгерлердің жауабы да растайды. Алайда бүгінгі шешім мен күткен әділдік емес, – деді Ғалымжан Сүлеймен.
Жанжалдың туындауына әндердің авторлық құқығына қатысты дау себеп болған. Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, Мұқасан Шахзадаев бұрынғы әріптесі Нұрлан мен арт-директордың оның әнін орындауына наразылық білдіріп, оларды арнайы кездесуге шақырған. Кейін бұл кездесу келіспеушілікке, одан әрі төбелеске ұласқан.
Сот үкіміне көңілі толмаған Ғалымжан Сүлеймен алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін айтты.