Brent маркасының бағасы барреліне 95 доллардан асып, соңғы бірнеше айдағы ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сейсенбі күнгі сауда барысында Brent мұнайының қараша айындағы фьючерстері 5%-ға қымбаттап, барреліне 95,04 долларға дейін көтерілді.
Мұнай бағасының күрт өсуіне АҚШ пен Иран арасындағы жаңа қақтығыстар себеп болды. Нарық қатысушылары Таяу Шығыстан мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдай бастады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ сейсенбі күні Иран аумағындағы нысандарға кезекті әуе соққыларын жасаған. Бұл жағдай әскери қимылдардың тоқтауы мүмкін деген үмітті әлсіретті.
Axios басылымының мәліметінше, АҚШ қарулы күштері Ормұз бұғазы маңындағы Иран нысандарына соққы бере бастаған. Әуе шабуылдары Иранның оңтүстік жағалауындағы Бендер-Аббас, Джаск, Чабахар, Конарак, Минаб, Сирик қалалары мен Кешм аралындағы нысандарға бағытталған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран америкалықтардың соңғы шабуылына жауап беретін болса, "ел ретінде толығымен жойылатынын" мәлімдеген. Ол бұл пікірін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) АҚШ-тың жаңа шабуылдары үшін "өкінетінін" ескерткен мәлімдемесіне байланысты айтқан.
Saxo Bank сарапшысы Оле Хансеннің айтуынша, әскери қимылдардың қайта басталуы Ормұз бұғазы арқылы энергия ресурстарын жеткізудің ұзаққа созылу қаупін күшейтті.
Таяу Шығыстағы соғыс ақпан айында басталған. Қақтығыс басталғаннан кейін Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтаған. Маусым айында тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, бітім ұзаққа созылмай, әскери әрекеттер қайта жалғасты. Тегеран бұған АҚШ тарапының келісім шарттарын орындамағанын себеп ретінде атады.
Қақтығыс басталғанға дейін Ормұз бұғазы арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20%-ы тасымалданған. Оның ішінде тәулігіне шамамен 15 млн баррель мұнай, сондай-ақ бензин, дизель отыны және авиациялық керосин секілді 5 млн баррель мұнай өнімдері өткен.
Бұдан бөлек, әлемдегі сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі Ормуз арқылы тасымалданған. Оның басым бөлігі Қатарға тиесілі болса, Біріккен Араб Әмірліктері де өз зауытынан сұйытылған табиғи газ экспорттаған.