Мұнай бағасы желтоқсан айында тағы арзандауы мүмкін

Сарапшылар бұған Таяу Шығыстан шикізат жеткізілімінің қалпына келуі мен әлемдік нарықтағы ұсыныстың артуын негізгі себеп ретінде атап отыр.

Мұнай бағасы желтоқсан айында тағы арзандауы мүмкін Фото: Sputnik / Maksim Bogodvid

Осылайша, әлемдік мұнай нарығында бағаның төмендеу үрдісі жыл соңына дейін жалғасуы ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұнан бөлек, АҚШ-та өндірістің рекордтық деңгейге жетуі және Еуропаның стратегиялық қорларын нарыққа шығаруы мұнай бағасына қысым түсіруі мүмкін. Мұндай болжамды "Эйлер" компаниясының мамандары жасаған. 

Сарапшылардың дерегінше, 1 қазан мен 16 қараша аралығында Dated Brent маркалы мұнайдың құны 25%-ға төмендеген. Қытайдың мұнай импортын наурыздан бергі ең жоғары деңгейге дейін ұлғайтуы да әзірге бағаның өсуіне ықпал ете алмады. 

– Желтоқсанда мұнай бағасының одан әрі төмендеуін күтеміз. Өйткені, Таяу Шығыстан жеткізілімнің көбеюі нарықтағы тепе-теңдікті біртіндеп қалпына келтіріп жатыр, – делінген сарапшылар шолуында.

Қазан айының соңында Таяу Шығыстан мұнай экспорты бір апта ішінде 29%-ға өсіп, тәулігіне 14,2 млн баррельге жеткен. Ал мұнай өнімдерін сыртқа шығару көлемі 59%-ға ұлғайған.

Сарапшылардың пайымдауынша, аймақтағы экспорт тұрақты деңгейге жетсе, шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасы арасындағы алшақтық та қысқаруы мүмкін.

Бұған қоса, мұнай тасымалының құны қазан айындағы шарықтау шегімен салыстырғанда екі есе арзандаған. Осыған байланысты Африка мен Бразилиядан Қытайға жеткізілетін мұнайдың тасымал бағасы желтоқсан-қаңтар айларында барреліне 5-10 долларға төмендеуі мүмкін.

Мұнайдың арзандауы Қытайға стратегиялық қорларын толықтыруға қолайлы жағдай туғызып отыр. "Эйлер" сарапшыларының есебінше, қазан айында елдің мұнай қоры 2,1 млн тоннаға көбейген. Десе де, мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік жүктемесі 3 пайыздық тармаққа төмендеп, 80,1%-ды құраған. 

Нарықтағы ұсынысты көбейтіп отырған тағы бір ірі ойыншы – АҚШ. Қарашаның басында елде мұнай өндіру тәулігіне 14 млн баррельден асып, тарихи рекорд жаңартқан. Сарапшылар қарашадан бастап америкалық мұнай өңдеу зауыттары да өндіріс көлемін ұлғайтады деп болжайды. Мұндай өзгеріс нарықтағы тапшылықты бәсеңдетуі ықтимал.

Еуропа да мұнай ұсынысының артуына үлес қоспақ. Қараша мен қаңтар аралығында аймақ елдері стратегиялық қорларынан нарыққа 42,6 млн баррель мұнай мен мұнай өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Оның 20,5 млн баррелі дизель отынына тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу