Мұнай-газ жобаларында жергілікті қамту үлесі неге аз

761

Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасында жергілікті қамтуды дамыту бойынша өткен онлайн-форумда мұнай-газ жобаларында жергілікті қамту үлесі неге аз екені, салада қандай мәселелерге назар керегі айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мұнай-газ жобаларында жергілікті қамту үлесі неге аз

Форумда энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Карашығанақты кеңейту жобасы, сондай-ақ Теңізде және Қашағандағы кен орындарын игеру арқылы отандық бизнес өкілдері тәжірибе жинайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол тауарлардағы қазақстандық қамтудың үлесі төмен екенін атап өтіп (2021 жылғы жедел деректер бойынша – 10,08%), Қарашығанақ Петролиум Оперейтингтен (ҚПО) осы жағдайға назар аударуды сұрады.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев ҚПО сатып алған тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту үлесінің артып келе жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ол 59% немесе 586 млн долларға жеткен. Алайда тауарлардағы жергілікті қамту үлесі – небәрі 16,2%.

Осыған байланысты ол жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік бермейтін бірқатар мәселеге тоқталды:

Отандық тауар өндірушілерге біліктілік іріктеуінен өту кезінде  жоғары талаптар қойылып отыр: ASME, API, ASNT және ANSI халықаралық стандарттар ережелерін білу және Еуропа елдері немесе АҚШ-тан әкелінген шикізатты міндетті түрде пайдалану;

Халықаралық стандарттарға сәйкес сертификаттаудан өту рәсімінің қымбат болуы (шамамен 250 мың доллар), халықаралық сертификаттардың болуына қарамастан өнімді сатып алуға кепілдіктің болмауы;

Конкурстың (тендердің) қорытындысын шығару кезінде отандық тауар өндірушілердің өтінімдерін қабылдамау себебінің толық айтылмауы;

Сонымен қатар Мейрам Пішембаев мұнай-газ жобаларында қазақстандық машина жасау өнімінің үлесін арттыру керегін атап өтті.

Қазақстандық машина жасау үлесін ұлғайтуда мұнай-газ машина жасау өнімінің әлеуеті зор. 

"Бұл бағытта ҚМЖО бастамасымен құрылған Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Орталық мақсаты – өндірістерді локализациялауды арттыру және машина жасау өнімдерінің жаңа түрлерін игеру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру", - деді Президентінің штаттан тыс кеңесшісі.

Айта кетейік, осыған дейін аталған орталық қалай қаржыландырылатыны хабарланған еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу