Мұнай нарығындағы іркіліс Азияға кері әсерін тигізуі мүмкін

1456

Егер Вашингтон сөзден іске көшкен жағдайда,  АҚШ-тың Азиядағы серіктестері таңдау жасауға тиіс.

Мұнай нарығындағы іркіліс Азияға кері әсерін тигізуі мүмкін

14 қыркүйекте 10 дрон Saudi Aramco компаниясының нысандарына шабуыл жасады. Cалдарынан мұнай өндірісінің көлемі 5 млн баррельге қысқарып, шикізат бағасы шарықтап кеткен болатын.  Мұнай өндірісінің іркілуі азиялық елдер экономикасына әсерін тигізді.

Сарапшылар шабуылдан кейін қара алтын бағасы барреліне 100 долларға дейін жетеді деп топшылаған болатын. Бірақ Bloomberg агенттігінің соңғы ақпараты бойынша, жоғалған өндірістің жартысынан көбі қайта қалпына келтірілген. Сауд Арабиясының энергетика министрі Әбдулазиз бен Салман қыркүйектің соңына дейін өндіріс көлемі күніне 11 млн баррель, ал қазан айының аяғында тәулігіне 12 млн баррельге дейін жететінін айтты. 

Шикізат бағасы күрт арзандағаннан кейін, Азия инвесторларының нарыққа қатысты күдігі сейілгендей болды. Өйткені Азия – саудиялық мұнайды тұтынатын ең үлкен аймақ. Азиялық импорттаушылар саудиялық мұнайдың 72 пайызын сатып алады. Сондықтан мұнай бағасының күрт өзгеруі Азия экономикасына тікелей әсерін тигізеді.

Айта кететін жайт, Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс кесірінен шикізат құнының құбылуын да Азиядағы бірқатар мемлекет жақтырып отырған жоқ. Қазір Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай өте қиын таңдау алдында тұр.

АҚШ шабуылды Иран жасады деп айыптаған болатын. Жауап ретінде тіпті америкалықтар Иранға қарсы әскери әрекет жүргізуден тайынбайтынын айтқан. Егер де Вашингтон сөзден іске көшкен жағдайда,  АҚШ-тың Азиядағы серіктестері таңдау жасауға тиіс.

Әрине, олар Иран, Солтүстік Кореяның саясатын қолдамайтыны анық, бірақ осы елдерге әскери шабуыл жасалуын қолдау алдында жақсырақ ойлануға тиіс. 

Verisk Maplecroft аналитигі Миха Хриберниктің айтуынша, Токио мен Сеул экономикалық мүддесін алға тартып, АҚШ-пен альянсын сақтауға тырысады. Дегенмен олар осы жағдайда Вашингтонның Иранға қарсы әрекетіне қатысты шешіміне сақтықпен қарайтын болады.

Ал Қытай Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты пікірін анық білдірді. Осы аптада елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы: "Қытай шиеленісті ушықтырғысы келмейді. Біз тараптарды аймақтағы жағдайды шиеленістіретін шешім қабылдамауға шақырамыз", – деді. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу